Ұлттық экономика министрі мен Астана әкімі елордадағы ірі сауда орындарын аралады
«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, соңғы уақытта азық-түлік бағасы өсуінің байқалғаны туралы ақпарат жер-жерде жиі естіле бастаған-ды. Кеше Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елордадағы ірі сауда орталықтарын аралап, азық-түлік бағаларын тексерді. Базаршылап жүрген қарапайым халықтың пікірін өз құлақтарымен естіп, олардың баға туралы сауалдарына жауап берді. Министр мен әкім журналистерге бағаның өсуіне жол бермеу үшін нақты шаралар қолданылатынын жеткізді.
Астана әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, бір күн бұрын ол көмекшілерінің бірін құпия түрде базардағы нарықты біліп келуге жіберіп, сол бағаны енді өзі көрген бағамен салыстырыпты. Айырмашылықты байқамаған. Яғни, лауазымды тұлғалар келе жатқанын естіп, жалма-жан бағаны арзандатып қоятындардың қулығы бұл жолы жүзеге аспады деуге болады.
Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев көкөніс бағаларының өсуі бірінші кезекте маусымға байланысты деп санайды. Қазір қоймаларда былтырдан бері сақталған көкөніс таусылуға айналған, ал биылғы балауса өнім әлі пісіп, піскені базарға түсіп үлгере қойған жоқ. Министрдің айтуынша, шілденің соңы мен тамыздың басына қарай жаңа өнім базар мен дүкен сөрелеріне жетуге тиіс. Жеміс те, көкөніс те жеткілікті болады, сәйкесінше, баға да құлдырамақ. Ал көкөністің де, басқа тауарлардың да бағасының негізсіз өсуіне министрлік жол бермейді.
– Бүгіннен бастап азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне байланысты барлық фактілер мен азаматтардың шағымына тексеру жүргізіледі. Бұл, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты. Тексеріс Қазақстанның барлық өңірлерін қамтиды, – деді министр.
«Егемен Қазақстан» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде қанттың қымбаттағаны, тіпті, дүкен сөрелерінен табылмайтын тапшы тауарға айналғаны туралы мәселе көтерілген мақала жарияланған болатын («Қант неге қат?» №135, 16.07.2016). Министрдің айтуынша, қанттың қымбаттауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, әлемдік нарықтағы қант құрағының бағасы айтарлықтай көтерілген. Екіншіден, еліміздегі ең ірі қант өндіретін компания «Орталық Азия Қант корпорациясы» ЖШС соңғы айларда өндіріс көлемін екі есе арттырғанына қарамастан, көтерме саудамен айналысатындар олардың өнімін шетелге көптеп шығаруға көшкен. Сол себепті, Ұлттық экономика министрлігі көтерме саудамен айналысатындармен байланыс орнатып, ел нарығында қалуға тиісті қант көлемін белгілеуді жоспарлап отыр екен.
– Қант бағасының өсуіне байланысты халықтың алаңдаушылығын біз білеміз. Кеше Премьер-Министр осыған қатысты бізге тапсырма берді, бүгін базардағы ахуалды өз көзімізбен көрдік. Қант бағасы шамамен 20-25 пайызға қымбаттады. Жақын арада Үкіметте тиісті шешімдер қабылдап, бағаның өсуін шектеуіміз мүмкін. Сосын, Үкімет белгілеген бағаның сақталуын жергілікті билік қамтамасыз ететін болады, – дейді Ұлттық экономика министрі.
Статистика комитетінің хабарлауынша, жыл басынан бері елімізде инфляция 4,6 пайызды құрапты. Инфляция бірінші кезекте азық-түлік тауарларының қымбаттауымен байланысты. Ұлттық экономика министрі айтып өткендей, азық-түлік бағасының алты айда 5 пайызға қымбаттауына маусымдық факторлар, сондай-ақ, көрші елдермен арадағы шекараның ашықтығы әсер етуде. Сол себепті, министрлік азық-түлік өндірушілермен, көтерме саудамен айналысатын компаниялармен тығыз байланыс орнатып, бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз ету мәселесін шешуге бел буып кіріспек.
Әсет Исекешев Астана әкімдігінің бағаны реттеу үшін Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп жұмыс істеу туралы уағдаласқанын жеткізді.
– Азық-түлік бағасы өте маңызды мәселе. Елбасының тапсырмасына сәйкес, қазір тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Атап айтар болсам, біріншіден, кеше ұн, қант, нан жеткізетін компаниялардың басшыларымен сөйлестік. Бағаның өсуі жалғаса беретін болса, біз монополияға қарсы қызметпен бірлесіп әрекет етеміз. Екіншіден, базарлардағы бағаларға мониторинг жүргізіп отырамыз. Үшіншіден, қаланың барлық аудандарында күн сайын жәрмеңке өткіземіз, – деді әкім.
Жәрмеңке туралы толығырақ тоқталар болсақ, елорда әкімдігі алты облыстың әкімдігімен ауылшаруашылық өнімдерін тікелей елордаға жеткізу туралы келісімге қол жеткізіп отыр. Келісімнің арқасында енді елорда көшелерінде күн сайын жәрмеңке өтеді, сауда орындары көбейеді, сонымен қатар, автодүкендер ашыла бастамақ. Өңірлерден өнім тиеп келе жатқан көліктердің елордаға дейін ешқандай кедергісіз, жылдам жетуі үшін «жасыл дәліз» жасалады.
Әкім жәрмеңкелерде сатылатын өнімдердің ассортименті көбейетіндігін айтады. Ет, сүт тағамдарын қатаң тексеруден өткізу де назардан тыс қалмақ емес, ол үшін арнайы мобильді зертханалар орнатылмақ. Ал жәрмеңкелердегі бағаның шарықтап кетпеуін Табиғи монополиялар мен бәсекелестікті қорғау комитеті қадағалап, тиісінше мониторинг жасап отыруға тиіс.
Қазіргі таңда осы тектес шараларды үйлестіру үшін Астана қаласы әкімінің орынбасары жетекшілік жасайтын штаб құрылған. Астанадағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қала басшысы жеке бақылауына алды.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА